Қазақстанда алғашқы Жас діни көшбасшылар форумы өтті

Елорда кезекті рет жаһандық игілік пен ізгілік жолындағы дінаралық диалог алаңына айналды. Тек бұл жолы Астанада әлемнің 30-дан астам елінен жас діни көшбасшылары бас қосты. Алғашқы форум ислам, христиан, будизм, даосизм, синтоизм және индуизм өкілдерін жиды. Жас буын діни және мәдени сабақтастық тақырыбында өзекті мәселелер бойынша пікір бөлісіп, тәжірибе алмасты. Өздеріне жақын тақырып жаңа технологиялар дәуіріндегі діннің маңыздылығын талқылады. Жастар бұл саладағы тәжірибелі аға буынның ақыл-кеңесін алды. Сарапшылар бастама жас дін көшбасшылары арасында жан-жақты диалог қалыптастыратын бірегей алаңға айналарына сенімді.

Мәулен Әшімбаев, Сенат спикері, Съезд хатшылығының басшысы:

- Сіздер бірлесіп әлемнің дамуына және жаһандық ынтымақтастық пен келісімді нығайтуға үлес қосасыздар. Біз жас буынның күш-жігері, шығармашылық әлеуетіне және әлемді жақсартуға деген ұмтылысына үміт артамыз. Осы форум сіздер үшін лидерлік жолдағы маңызды кезең болатынын сөзсіз. Сондай-ақ, бұл алаң тұрақты әрі дамыған әлем қалыптастыру жолындағы жауапты миссияларыңызды айқындауға өз септігін тигізеді деп сенеміз.

Рудракша Сакрикар, «Somaiya Vidyavihar» университетінің профессоры, Үндістан:

- Бүгінгі форум - Қазақстан үкіметінің өте маңызды бастамасы. Бұл жастардың дінге және рухани дәстүрге қатысты тақырыптардағы талқылауларға қатысуына жол ашады. Мен форум қатысушыларын біздің институтымыздағы индуизм құндылықтары және конфессияаралық диалогты дамыту бойынша жасалып жатқан түрлі іс-шаралармен таныстырдым.