Айта кетейік, Эмомали Рахмон Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Тараптар шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі, сондай-ақ бауырлас әрі жақын мемлекет екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойып отырмыз. Мұның символдық мәні бар. Бұл құжат өте маңызды әрі болашаққа арналған. Сондай-ақ біздің мемлекеттеріміздің ұлттық мүдделеріне толық сай келеді. Бұл бағытта арамызда ешқандай күмәнді мәселе жоқ. Қазақстан мен Тәжікстан сауда-экономикалық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді Тек былтырдың өзінде екіжақты сауда айналымы 18,5% артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже.
Келіссөз барысында қазақ-тәжік қарым-қатынасын жан-жақты дамыту әлеуеті талқыланды. Сондай-ақ сауда-экономикалық, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы байланысты кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Эмомали Рахмон, Тәжікстан Президенті:
- Тәжікстан мен Қазақстан – стратегиялық серіктестер. Қарым-қатынасымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға баса мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз. Сізбен елдеріміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылауға дайынмын.