Өңірлерді өркендету. Қазақстан Президенті ел халқына арнаған Жолдауында ерекше тоқталған тақырып осы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтардың қаржылық дербестігін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру бағытында тиісті шара қабылдауды тапсырды. Сарапшылар бұл міндеттер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес келетінін айтады. Яғни әр азамат өзі тұратын мекеннің дамуына үлес қосуына мүмкіндік алады. Осы ретте ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Ал 2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады.
Кирилл Петров, саясаттанушы:
- Әкімдер жоғары жаққа есеп берумен қатар азаматтардың әкімшілік жұмысы туралы пікірін де біліп отырса, қабылданатын шешімдер жұрт көңілінен шығатындай болары сөзсіз. Бұл мәселе осы жолғы Жолдауда қамтылды. Яғни Президент мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі үшін жоғарғы жақтың қысымы жеткіліксіз деп есептейді. Халыққа есеп беру Қазақстанға басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерінің өсетінін айтты. Енді ол 42 500 теңгеден 60 000 теңгеге дейін көтеріледі. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл ішкі жалпы өнімді 1,5% арттырады.
Айгүл Рақышева, Отбасы институтын зерттеу орталығының жетекшісі:
- Көпбалалы отбасылардың басты мәселесі табыстың төмендігінен туындайды. Себебі балаларына инвестиция салуға ақшасы жоқ. Тіпті болашақ шығындарға жұмсауға қаржысы жетпейді. Сондықтан бұл уақтылы қолға алынған шара болмақ. Яғни осы арқылы көптеген отандасымыздың табысы артады деген сөз.