Қазақстанда Астананың жаңа мәдени феномені - Ақжан
жылқысының танымалдығы артып келеді. Сирек кездесетін изабелла түсті тай өткен
жылдың көктемінде дүниеге келген. Ақалтеке ішінде мұндай түс өте сирек
кездеседі – асылтұқымның үш пайызы ғана осы реңмен туылады. Жан тазалығын
меңзеген «Ақжан» - таза қанды ақалтеке жылқылары Ганатлы мен Табыстың құлыны,
мамандар оны отандық асыл тұқымды жылқы қорының бірегей мақтанышы деп отыр. Асыл
түліктің түсі көптің көңілін аударады – мұндай айрықша сирек рең жылқы қылшығының
жарық сәулесін құбылтуынан туындайды. Көшпенділер мәдениетінде мұндай төлді ежелден
жақсылыққа жорып, жолы болу, олжаға кенелудің нышанына балаған. Бүгінде
көпшілік Ақжанды сан ғасырлық көшпелі мәдениеттің қазіргі Қазақстанмен ұштасқан
бейнесіне балайды. Сұлу бітімді тайдың соңынан ерген тұқымдастары да көптің
көңілін сүйсінтті. Қазақстан Президенті ат қойған асылтұқымды құлындар Ақниет
пен Бөртенің күтіміне де ерекше көңіл бөлінген. Мемлекет басшысы жас
тұлпарлардың желмен жарысқан жүйрік болып өсуін тіледі. Ақжан Ұлы даланың көнеден
тамыр тартқан рухын танытса, Ақниет пен Бөрте оның болашағының, ұрпақтар
сабақтастығының және ұлттық дәстүрді дәріптеудің көрінісіне айналды. Сол
себепті бұл жылқылар тек Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де үлкен
қызығушылық туғызған - Ақжан мен
құлындардың фотосуреттері әлеуметтік желілерде кең таралып, олар жайлы ақпаратты
шетелдік БАҚ жиі жариялап келеді.

