Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтеді

Алдағы қазан айының 6-сы күні Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ел Парламентінің қос палатасының бірлескен отырысында жариялаған жолдауында осылай мәлімдеді. Мемлекет басшысы елде атом энергетикасын дамыту жаһандық энергия тапшылығының артуы және өзімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздерінің аса қажеттігінен туындағанын алға тартады.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан, мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.  

Депутаттардың айтуынша, атом электр станциясының құрылысына қатысты мәселе қоғамда кеңінен талқылануда. Сарапшылар мен сала өкілдері жыл бойы барлық өңірлерде халыққа белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесулер барынша ашық форматта, яғни қоғамдық тыңдау түрінде өтті. Осылайша, әркім талқылауларға еркін қатысып, өз пікірін білдіре алды.  

Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Алматының қақ ортасында осымен 60 жылдай ядролық реактор үздіксіз жұмыс істеп тұрғанын екінің бірі біле бермейді. Оның қызметі өте табысты әрі қауіпсіз. Өзімізде атом саласының тәжірибелі мамандары бар. Үлбі зауытында салаға қажетті отын таблеткалары шығарылады. Ал Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық сәтті жүмыс істеуде. Біз уран қоры бойынша көшбасшымыз. Енді сыйымдылығы жоғары терең өңдеу кәсіпорындары қажет. Осының барлығын Атом станциясын салу арқылы шешуге болады.

Парламентарийлердің Президент жолдауына пікірі

Жалпы, Парламент депутаттарының пікірінше, Жолдау елдің алдағы кезеңге арналған саяси және әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін нақты танытып, Парламент және Үкімет пен әкімдіктер үшін жұмыстың жаңа бағытын айқындап, бағдарын белгілейді.

Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Адамдар үшін қазір қауіпсіз орта қалыптастыру өте маңызды. Президент активтерді қайтаруға баса назар аударылатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ тұтынушылардың құқықтары мен мүддделерін қорғауға ден қойылады. Бюджет және банк мекемелерінің жауапкершілігі артады. Қазіргі таңда көлеңкелі экономикамен күрес күшейіп келеді.