Қазақстан Словениямен тауарайналымын ұлғайтуға ниетті. Өткен жылы өзара сауда 105 млн доллардан асты. Бұл ретте 5 млн-ы экспорттың үлесіне тиесілі. Жалпы аталған Кәрі құрлық елі бізден құрылыс материалдарын, азық-түлік пен астық импорттайды. Ал, Словениядан елімізге дәрі-дәрмектер мен қозғалтқыштар жеткізіледі. Инвестиция ағынына келсек, Қазақстан Славениядан 200 млн доллар шамасында капитал тартқан. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өзара алыс-беріс қарқын ала түсу үшін логистиканы дамытқан абзал деседі. Бұл ретте республикамыз Шығыс Еуропада көлік хабтарын ашып, жаңа транзиттік дәліздер құруды қолға алмақ.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция
министрі:
- Жақын арада Будапештке Scat жаңа рейс ашады. Биыл Белградқа Шымкенттен
тікелей әуе қатынасы орнайды. Бұған дейін, Киев және Минск арқылы ұшқан едік.
Қазіргі таңда Варшава, Стамбул арқылы қатынаймыз. Сондықтан Көлік министрлігі
транзитті оңтайландыру үшін үлкен жұмыс атқаруда. Қазір тараптар өзара арнайы
рұқсат құжаттарынсыз өту үшін келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгінде бізді
байланыстыратын Түркіменстан-Иран-Түркия дәлізі бар.
Сонымен қатар, Қазақстан экспортқа шығатын агроөнеркәсіптік кешен
өнімдерінің тізімін ұлғайтуға дайын. Сарапшылардың пікірінше, Словения
еліміздің сауда серіктесі ғана емес, сонымен қатар енді Шығыс Еуропа нарығымен
байланыстыратын көпір бола алады.
Мирас Жиенбаев, Maqsut Narikbayev University басқарма төрағасының кеңесшісі:
- Жақында агро азық-түлік өнімдері экспортын ұлғайтуға рұқсат беретін
құжаттарды алдық. Алдағы жылдары осы бағытта Еуроодаққа мүше мемлекеттермен
жұмыс істейтін боламыз. Көптеген қазақстандық компаниялар үшін бұл өте маңызды.
Ауқымды іс шаралар аясында үлкен еуропалық нарыққа шығу үшін Словения бізге
қандай мүмкіндіктер береді? Осы бағытта да біз жақсылап ойлануымыз керек.

