Қазақстанда 2026 жылы аэромобильді такси қызметі пайда болуы мүмкін. Бұл туралы Үкіметте айтылды. Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бұл технологиясына отандық компания қызығушылық танытқан. Сутегімен жұмыс істейтін шағын тікұшақ 5 адамға шақталған. Пилоттық жоба аясында аталған көлік құралдары Алматы әуежайынан Алатау қаласына дейін қатынайды деп көзделген. Жалпы Қазақстан пилотсыз көлікті пайдалану саласындағы осы текті халықаралық тәжірибелерді енгізуге ниетті. Ол үшін қажетті нормативті-құқықтық актілер қабылданып, пилоттық жобаларды іске қосатын сынақ алаңдары таңдалуда. Ел нарығына осы бағытта жаһандық ойыншыларды тарту үшін бірнеше кезеңде тиісті жағдайлар жасау межеленген. Сала мамандары бұл Қазақстанға бірқатар стратегиялық артықшылықтар әкелетініне сенімді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Халықаралық компаниялар мен инвестицияларды тарту. Waymo, Google, Tesla, Baidu, Mobileye, Yandex, Huawei сияқты компаниялар пилотсыз сынау үшін икемді реттелетін елдерді белсенді түрде іздейді. Автономды автомобильдерге арналған зерттеулерге, инфрақұрылымға және компоненттер өндірісіне шетелдік инвестициялардың ағыны. Бұл пилотсыз технологиялар саласындағы жергілікті стартаптардың дамуына ықпал ететін болады. Аталған бастамаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстан өңірлік технологиялық хаб мәртебесін нығайтады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

