Қазақстанда 2030 жылға дейін 93 жаңартылатын энергия көзі жобасын іске қосу
жоспарланып отыр. Олардың жиындық қуаты 2,3 ГВт-ты құрамақ. Ал 2035 жылға дейін
бұл көрсеткішті шамамен 4 есе арттыру көзделген. Үкіметте саланы дамыту
мәселелері қаралды. Биылдың өзінде баламалы қуат көздерінің 9 жаңа нысаны
пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қазір елімізде «жасыл» энергия өндіретін 154
заманауи нысан жұмыс істейді. Ірі жобаларды іске асыру үшін халықаралық
инвестор тартуға басымдық беріліп келеді. Стратегиялық бағытты қолдау шаралары
аукциондық баға бойынша электр энергиясын кепілдендірілген сатып алуды, жыл
сайынғы индекстеуді, желілік алымдардан босатуды және салықтық жеңілдіктерді қамтиды.
Бұл қолайлы инвестициялық орта құруға, жаңа жобаларды дамытуға тың серпін
береді. Яғни, елдегі «жасыл» энергия үлесінің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.

