Қазақстанда соңғы бес айда экономикалық белсенділік артты

Қазақстан да осы санатта. Еліміздің іскерлік белсенділік индекстері едәуір артқан. Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4,5%-ке тең келді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы мәлімдеді. Бұл ретте экономиканың көптеген секторы өткен жылы геосаяси және логистикалық кедергілермен бетпе-бет қалғанын ескеру керек.

Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:

- 2022 жылдың соңында инфляция 20,3% жетті. Азық-түлік бағасының өсімі инфляцияға едәуір үлес қосты. Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыру үшін инфляциялық таргеттеу режимін ұстана отырып, дезинфляциялық монетарлық саясатты жүргізуде. 2022 жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% дейін көтерді. Базалық мөлшерлемемен қатар теңгедегі активтердің кірістілігі де өсті.

Ғалымжан Пірматов монетарлық реттеуші жүргізіп отырған ақша-несие саясаты елдегі инфляцияны бәсеңдете түседі дейді. Өткен айда республикада бағаның қүнсыздану деңгейі айтарлықтай төмендеп, 16% жуықтады. Соның ішінде азық-түлік инфляциясы 16% шамасында, азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 17 % жоғары, ал сервистік инфляция 13 % астамға баяулады. Инфляцияның бәсеңдеуі жыл соңына дейін, сондай-ақ, алдағы екі жылда да жалғасады деп жорамалданып отыр.

Ғалымжан Пірматов, Ұлттық банк төрағасы:

- Әлемдегі азық-түлік бағасының төмендеуі және Қазақстанның сауда әріптес елдерінде инфляцияның айтарлықтай баяулауы сыртқы секторға бағаларға қысым көрсетуін біршама әлсіретіп отыр. Фискалдық ынталандырауға, тұрақты ішкі сұранысқа жоғары инфляциялық күтулерге байланысты ішкі факторлардың проинфляциялық әсері сақталуда. Жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты елдегі инфляцияның одан әрі баяулауына ықпал ететін болады. Біздің жаңартылған болжамдарымыз бойынша жылдық инфляция 2023 жылы 11-14%шегінде қалыптасып, 2024-2025 жылдары одан әрі баяулайтын болады.

Оң өзгеріс еліміздің валюта нарығында да тіркелген. Өткен жылы теңге рекордтық мәнге дейін әлсірегеніне қарамастан, жыл соңына қарай 9 пайыздан астамға нығайды. Бұған теңгедегі салымдарды қорғау бағдарламасы оң ықпал еткені анық. Аталған жобада жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы салымына өтемақы төлеу механизмі бекітілді. Нәтижесінде теңгедегі депозиттер 2022 жылдың қорытындысы бойынша 21 трлн теңге теңгеден асып, жалпы 22 пайызға артты. Ал долларды пайдалану деңгейі 32 пайызға жуық төмендеді. Қазақстандықтар теңгеге сенім артуды жалғастыруда. Биыл төл валютадағы салымдар 21,4 трлн теңгеге дейін өсті. Депозиттегі доллар деңгейі 29,3% құраған.