Қазақстанда 2030-шы жылға дейін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда 200-ден астам жаңа өндірістік жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл ірі кәсіпорындар шоғырланатын алаңдардың инвестициялық тартымдылығын айқындау кезінде инфрақұрылымның дайындығы маңызды. Премьер-министр Олжас Бектенов осы мәселе бойынша кеңес өткізді. Осыған орай қазіргі таңда экономикалық және индустриялық аймақтарда қосымша инженерлік, көлік желілерінің және қосалқы стансалардың құрылысы қарқын алды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша Қазақстанда 17 арнайы экономикалық және 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларға салынған жеке инвестиция көлемі 6 трлн теңгеге жуықтап, 860 жоба жүзеге асырылды. Бұл жаңа жобалар отандық өңдеу өнеркәсібінің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

