Қазақстанда 20 су қоймасы салынады. Олардың құрылысы 2030 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған. Бұл жөнінде еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі мәлімдеді. Тиісті ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов бұл нысандар елді-мекендерді су тасқынынан қорғауға бағытталатынын атап өтті. Оларды іске қосу халық саны 137 мың адам болатын 70 ауылды су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар сала басшысының сөзінше, елдің 9 өңіріндегі 15 су қоймасын қайта жарақтау жұмыстары басталады. Бұл да көктемгі қауырт маусым кезінде 75 мыңға тарта адам тұрып жатқан 64 елдімекеннің су басу қаупін сейілтуге септігін тигізеді.
Сондай-ақ елімізде топан судан сақтап, алдын алу үшін ұзақ мерзімге кешенді жоспар әзірленеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Орын алған қателіктерден сабақ алып, жұмысты жаңадан тиімді етіп ұйымдастыру қажет. Бұл ретте, жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы халықты дер кезінде хабардар етіп отыру маңызды. Ауқымды су тасқынына алып келген себептерді анықтап, оларды жою жөнінде ұсыныстармен бірге қалыптасқан жағдайға толық талдау жүргізу қажет. Әрбір өңір географиялық және ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іс-шаралар жоспарын қайта қарауы керек. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмысқа тәжірибелі салалық сарапшыларды тарту керек.