Келесі жылы Шанхайдағы импорттық тауарлар көрмесінде Қазақстан барлық отандық өнім түрлерін таныстырмақ. Бұл туралы елдің сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Бұл үшін 2024 жылы қазақстандық экспозиция 5 есе ұлғаяды. Айта кетсек бұл жолы ел атынан Шанхай көрмесінде 200 астам тамақ өнеркәсібімен айналысатын компания қатысты. Қытайлық көрме қатысушыларын Қазақстандық кәсіпкерлердің сүт өнімдері және кондитерлік өнімдері тәнті етті. Сарапшылардың айтуынша, «Қытайға шығар терезе» аталып кеткен бұл шара екі ел арасындағы сауда айналымына едәуір ықпал етеді. Айта кетер жайт, биыл 9 ай ішінде бұл көрсеткіш 21 млрд долларға жетті. Жыл соңына дейін өсетініне күмән жоқ.
Арман Шаққалиев,
ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Жыл соңына дейін
екі ел қарым-қатынастарында жаңа рекорд орнайды деп күтіп отырмыз. Әріптестіктің
дәл осылай тереңдеуін екі ел де қолдайды. Бұлай жалғаса берсе, тіпті, екі ел
басшылары қойған меже – 40 млрд доллар айналымды да жақын арада бағындырамыз.
Біз үшін бұл шара өте маңызды. Бұл қытайлық әріптестерімізді Қазақстанда
өндірілетін тауарлармен таныстырудың керемет мүмкіндігі. Ол, біріншіден сапалы
әрі экологиялық таза. Отандық тауарлардың бұл қасиеттерін көпшілік айтпаса да
біледі.
Қытаймен визасыз режим жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Қазақстан мен Қытай сауда-саттығы мен қарым-қатынастарына визасыз режимнің енгізілгені жаңа тың серпіліс береді. Ол 10 қараша өз күшіне енді. Естеріңізге сала кетсек, қос мемлекет басшылары Сиандағы Саммитте визалық режимді жеңілдету туралы келісімге қол қойған еді. Сарапшылардың пікірінше, бұл аспан асты елінен келетін туристердің санын бірнеше еселейді. eQonaq жүйесі келтірген мәліметке сүйенсек, елімізге жыл басынан бері 85 мың қытайлық турист келген екен. 2024 жылы саяхаттаушылар саны бұдан да көбейетініне сенім мол. Себебі, Қытайда бұл жыл Қазақстан туризмінің жылы болмақ. Өз кезегінде, бұл да Қазақстандағы туризмнің дамуына ықпалын тигізеді дейді мамандар.
Қайрат
Сәдуақасов, «Kazakh Tourism» ұлттық
компаниясы төрағасының міндетін атқарушы:
– Өздеріңіз
білетіндей, 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризм жылы деп белгіленді. Жыл соңына дейін біз шаралар тізімін жасаймыз. Оларды екі мемлекет те өткізеді.
Мемлекет басшылары да ол шараларға қатысады деген үміттеміз. Сәйкесінше, осынша
жоғары деңгейлі шаралар Қыдайдағы қызығушылық танытқан туристерді тартатынына
сеніміміз мол.