Қазақстан мен Қырғызстан «Алматы – Ыстықкөл» автомобиль жолын салуға ниетті. Бішкекте қазақ-қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 12 - отырысында жаңа бағыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу туралы шешім қабылданды. Екі елді жалғайтын ұзындығы 280 шақырымдық жолдың жобасы Азия даму банкінің гранттары есебінен жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, жиында бірлескен жеті өткізу пунктін жаңғыртуды көздейтін Жол картасын іске асыру мәселелері талқыланды. Қазақстандық тарап бұл жұмысты заманауи бақылау және тексеру жүйелерін енгізу арқылы жүргізбек. «Қарасу» және «Ақ-тілек» автожол өткізу пункттері ауданында индустриялық сауда-логистикалық кешен салу жобасы да назарсыз қалмады. Жүк ағындарын шоғырландырып, өңдейтін аймақтағы ірі орталықты салу үшін біздің елдің аумағында «Алатау» өңірлік индустриялық аймағы құрылды. Бұл бастамалардың мақсаты өзара алыс-берісті ұлғайту қамы.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сауда-экономикалық серіктестік
орнықты дамып келеді. Өткен жылы екі жақты сауда көлемі 26% өсіп, 1,6 млрд
долларға жетті. Осы жылдың 9 айында тауарайналмы 1,2 млрд доллардан
асты. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекеттер басшылары 2030-шы жылға қарай өз ара
сауда көлемін 3 млрд долларға ұлғайту бойынша тапсырма берді.
Сондай-ақ, су-энергетикалық ынтымақтастық әлеуетін нығайту жоспарларды да қарады. Биыл суару маусымы бірлескен шаралар арқасында сәтті өтті және осы бағытта жүйелі жұмыс жалғасын таппақ.
Нұржан Нұржігітов, Су ресурстары және ирригация министрі:
- Біздің тарапымыздан көтерілгені Киров су қоймасының толу деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Осы туралы айттық. Себебі көктемгі уақытта көптеген жағдайда Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл аудандарында, Тараз қаласында су басу мәселесі болмасын деп Қырғыз тарапынан белгіленген кестеге сәйкес су жіберетініне кепілдік беріліп отыр.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі жол картасы және Туризмді дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Сонымен қатар, Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық нысандарына Қазақстанның меншік құқығын реттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

