Татарстанда Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды

Татарстанда Қазан федералдық университетінде Абай атындағы қазақ тілі мен мәдениеті орталығы ашылды. Орталықтың қызметі бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, қазақ тілі мен мәдениетін насихаттауға, сондай-ақ мамандар даярлауда тәжірибе алмасуға бағытталған. Мұнда келушілер ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы материалдарды, белгілі абайтанушылардың зерттеулерімен таныса алады. Мамандардың айтуынша, қазақ классигінің ұлы мұрасы әлем тілдеріне аударылуы тиіс. Алдағы уақытта республикада дәстүрлі түрде Абай оқуларын ұйымдастыру жоспарда бар.

Альфия Юсупова, профессор, Қаюм Насыри институтының директоры:

-Бірнеше елде Абай орталығы бар. Осыдан он жыл бұрын Қазанда да осындай бір орталық болса деп, жоспарлаған едік. Бұл, ең алдымен, Татарстан тұрғындарының арасында қазақ мәдениетін насихаттайды. Қазақ тілі де оқытылады. Сондықтан үйренем, келем дегендерге есігіміз айқара ашық. Қазірдің өзінде орталыққа қызығып, сұрап жатқандар көп. Қазақ әдебиетіне қатысты шаралар да осында өтеді.

Гүлфия Гайнуллина, Қазан федералды университетінің доценті:

-Соңғы уақытта қазақ әдебиеті, фольклорына сұраныс жоғары, сондықтан  көптеген шығармалар татар тіліне аударылуда. Бұл екі туыс халықты жақындата түсетіні сөзсіз. Осыдан екі жыл бұрын біз Мұхтар Әуезовтің үш шығармасын өз тілімізге аударып, оқырманға ұсындық. Абай шығармалары да сұранысқа ие. Сондықтан ұлы ақынның еңбектерін аударуды жалғастырамыз.