Қазақстан отандық ғылымды экономиканың нақты секторымен жұмылдыруға басымдық беріп келеді. Өндіріске қолданбалы зерттеулерді ендірудегі мақсат негізгі салалардың инновациялық әлеуетін арттыру. Осының қамында елімізде 2025-2027 жылдары 113 ғылыми жоба жүзеге аспақ. Жаңартылған құрамдағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия оларды қаржыландыруды мақұлдады. Оларды қолдау гранттар, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жеке инвесторларды тарту көзделіп отыр. Негізінен оған экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану; энергия, озық материалдар және көлік; озық өндіріс, цифрлық және ғарыштық технологиялар, биологиялық қауіпсіздік, агроөндірістік кешен және басқа да маңызды бағыттар қамтылған. Ел аумағында өнімділігі мен сапасы жоғары әрі экологиялық таза өндірістер құру үшін озық әдістер мен жасанды интеллект технологиялары пайдаланылмақ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

