Қазақстанның жоғары оқу орындарында жаңа су мамандықтары оқытылады

Қазақстанның жоғары оқу орындарында жаңа су мамандықтары оқытылады

Қазақстан су ресурстарын басқару саласында кадр тапшылығын шешуді қолға алмақ ниетте. Осы мақсатта бейінді министрлік бірден 11 мамандықты жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына енгізуді алға тартып отыр. Бұл ретте суармалы егіншілік, гидротехника, ирригациялық жүйелер, сумен жабдықтау мамандары сынды жаңа кәсіп иелерін дайындау ұсынылуда.  Су дипломатиясы саласында да білікті мамандар оқытылмақ. Жаңа бағыттар бойынша студенттер өндірістік тәжірибені салалық министрлікке қарасты ұйымдарда өтеді. Сонымен бірге осы текті мамандықтарды магистратура және докторантура бағдарламаларына қосу көзделуде. Шетелде де оқу үшін гранттар бөлінбек. Бұған қоса су шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға арналған орталықтар құрылады.

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- Халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, су дипломатиясы деген жаңа мамандықты ашып жатырмыз. Сонымен қатар  жұмыс істеп жүрген қызметкерлер біліктілігін арттыру курстарынан өтуі керек. Суды үнемдеудің озық технологияларымен таныстыру мақсатында мамандарға осындай курстар ұйымдастырамыз. Қазіргі уақытта Су кодексінің жаңа редакциясы дайындалуда. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы әзірленді. Сала мамандары заманауи үрдістерді іс жүзінде жүзеге асырып, қолданулары қажет.