Заң халықтың әл-ауқатын жақсарту қамында елде қолға алынған түрлі әлеуметтік бастамаларды реттеуге бағытталған. Атап айтқанда: жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау сынды өзекті қоғамдық мәселелерді қамтиды. Қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға негіз болатын жаңашылдықтар ел Үкіметінің отырысында талқыланды. Премьер-министрдің айтуынша, Кодекстің маңызды жаңалығының бірі – зейнетақыны кезең-кезеңмен арттыру. Мәселен, биыл 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін базалық мөлшері орта есеппен 51%-ға өсетін болады. Яғни, бұл 2 млн-нан астам адам осы қолдау шараларымен қамтылмақ. Сондай-ақ Үкімет басшысы азаматтар өздерінің зейнетақы активтерінің тең жартысын сенімгерлік басқаруға беруге құқылы екенін айтты. Жинақтардың қалған бөлігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында қалады. Әлихан Смайылов жауапты тұлғаларға Әлеуметтік кодексті тиімді жүзеге асыруды тапсырды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Еңбек министрлігі әлеуметтік кодекске сәйкес, жәрдемақыларды артыруды, олардың уақытылы әрі толық көлемде тағайындалуын қамтамасыз етуі қажет. Әлеуметтік қолдау шараларын нақтылау үшін бірқатар нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет. Қазіргі таңда Үкіметтің 26 қаулысының 10-ны қабылданды. Еңбек министрлігі бұл жұмысты қысқа мерзімде аяқтап, барлық қажетті қаулы жобаларын Үкіметтің бекітуіне енгізуі тиіс. Үшінші - Еңбек министрлігі әкімдіктер және Ақпарат министрлігімен бірлесіп жаңа әлеуметтік кодекстің ережелері туралы ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек.
ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҚТАРЫН ЖАҢҒЫРТУ
Сонымен қатар Үкімет отырысында еліміздің алдағы жылыту маусымына дайындық барысы пысықталды. Қауырт кезеңге қамдану қызу жүріп жатыр. Энергетика министрлігінің дерегінше, Екібастұздағы ЖЭО жөндеуге Үкімет қорынан 7,4 млрд теңге бөлінді. Жалпы, биыл елдегі10 энергия блогында, 49 қазандықта және 54 турбинада күрделі жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Ведомство басшысының айтуынша, бұл жұмыстарды қараша айында толық аяқтау көзделген.