Венгрияның ұлы ақыны Шандор Петөфидің туғанына биыл 200 жыл толды. Осыған
орай елорда көшелерінің біріне мажар шайырының есімі берілді. Ұлт азаттығы мен
ақиқат жолында аянбаған ақын өз жұртында өте танымал. Енді міне тамырлас елде
есімі ұлықтап жатыр. Қазақстан мен Мажарстан сыртқы істер министрлері арнайы
қатысып, қайраткер өмірінен сыр шертті.
Шандор Петөфи
әлем әдебиетінде «азаттық ақыны» деген атпен танымал. Өйткені мажар шайыры
жүректен шыққан жырларының көбін ұлт бостандығына арнаған. Бірақ, ақынның қазақ
тіліне аударылған туындылары аз. Көшенің салтанатты ашылуында Шандор Петөфидің
200-ге жуық өлеңі қазақ тіліне тәжімаланып, 1500 тиражбен шыққаны айтылды.
Питер Сийярто
Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі:
- Шандор Петөфи мажарлықтар үшін аса
құрметті ақын. Өйткені ол ұлт азаттығы мен әділдік үшін күресті. Мажар
төңкерісін бастаған қайраткерлердің бірі. Сондықтан бізге қадірлі болған жанды
сіздер де құрметтегендеріңіз үшін алғыс айтам. Осындай бастамалар арқылы қос
мемлекеттік достығы нығая түседі деген сенімдемін.
Еске сала
кетейік, осыдан он жыл бұрын Мажарстанда Астана атындағы көше ашылған. Бір
жылдан соң дәл сол көшеге ұлы ақын Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылды. Сыйға
сый. Енді міне елордада Шандор Петөфидің атында көше ашылды.
Сәкен Есіркеп,
Астана қалалық тілдерді дамыту және архив басқармасының басшысы:
-Шандор Петөфи
атындағы көшенің ұзындығы 650 метр. Ол Тұран
мен Қабанбай батыр даңғылын жалғап жатыр. Көше бойында Нұра ауданының
әкімдігі орналасқан.