Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобына 55 жыл. Айтулы датаға орай отандық кинематографтар музыканттардың шығармашылығына арналған көркем фильм түсірді. Картинаның түсірілім жұмыстары 2020-2021 жылдары жүргізілді. Түсірілім тобының айтуынша, тұсаукесер 2022 жылға жоспарланып отыр. Фильм желісі шын оқиғаға негізделген. Онда осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын жас студенттердің басы бір арнаға тоғысып, кәсіби музыканттарға айналғаны, сондай-ақ достық пен оның жігі қалай ажырағаны туралы баяндалады. Туындының жанры музыкалық болғандықтан, көрермен бұрын-соңды отандық кинода байқалмаған тәсілдерді тамашалай алады. «Еуропа, Азия, тіпті Америкаға танылған топтың өмірбаян желісімен түсірілген фильм ешқашан өзектілігін жоғалтпайтынына күмән жоқ», – дейді түсірілім тобы. Олар аталмыш туынды тарихи өнім ретінде отандық кинематографтың «алтын қорында» өз орнын табатына сенімді.
Авторы: Ақзер Сегізбай