Қазақстан Президенті АҚШ-қа жұмыс сапары барысында екіжақты кездесулер өткізді

Қазақстан Президенті АҚШ-қа жұмыс сапары барысында екіжақты кездесулер өткізді

Қаржы секторы мен ақпараттық технологияларды дамытудағы ынтымақтастықтың келешегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселелерді АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилламен талқылады. Мемлекет басшысы инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірінің Алматы қаласын ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Mastercard сонымен қатар GovTech отандық шешімдерін шетелде ілгерілетуді көздеп отыр. Никола Вилланың айтуынша, көптеген елдер Қазақстанның осы саладағы тәжірибесіне қызығушылық танытуда. Сондай-ақ, мемлекет басшысы Amazon вице-президентімен республикада «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылады.

 

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Ол кездесуде бұлтты технологиялардың ІТ саласын және цифрландыруды дамытуда қалай әсер ететіні талқыланған болатын. Нақты айта кететін болсақ,  Amazon Web Services Outpost деген шешімі қазақстандық еговтың бірталай сервистерін сол бұлттық технологиялардың аясында жүргізілуі талқыланды. Және келісімшартқа қол қойған болатынбыз. Яғни бүгіннен бастап Amazon Web Services технологиялары біздің еговерменттің бірнеше қызметтерінде де пайдаланылатын болады.

Мемлекет басшысы Rio Tinto компаниясының бас атқарушы директоры Якоб Штаусхольмді қабылдады. Кездесуде Қостанай және Қарағанды облыстарындағы мыс кен орындарына геологиялық барлау жүргізу жобасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. Ал GE Healthcare компаниясының президенті Роб Уолтон Мемлекет басшысына Қазақстанда клиникалық бейнелердің орталықтандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Америкалық компания елімізде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыруды және Астана медициналық университеті базасында мамандардың біліктілігін арттыруға арналған білім беру бағдарламасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.