Қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру – «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының маңызды бағыттарының бірі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева 10 ұлттық жобаның бірін таныстыру барысында мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Бұл бағыттың екінші маңызды міндеті – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Өйткені «ұлтты сақтау» дегеніміздің өзі тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашақта ұлтаралық тілге айналатынына сенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгінде барлық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан бұл мәселеде бірқатар ауқымды жоба қарастырылып отыр.
Министр ауқымды жобалар қатарына мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар барын атап өтті.
Авторы: Ақзер Сегізбай