Ауыл шаруашылығы министрі сенатта өткен үкімет сағаты отырысында осындай мәліметтерді келтірді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі құрылымында алғашқы үштікте өндіріс көлемі 17%-ке тең келген ұн тұрса, одан кейін 16%-пен сүт өнімдері және ет өнімдері келеді. Бұл ретте ұн өндірісі еліміздің ішкі тұтынуынан бірнеше есе асып түседі. Айта кетейік, ішкі нарықтың осы шикізатпен қамтамасыз етілуі 237% тең келеді. Ал, макарон өнімдері бойынша - 122%, жарма бойынша - 102%-ке қамтамасыз етілген.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі:
- Дәстүрлі импорттаушылардың протекционисттік қолдау шараларын қолдану арқылы өз елдерінде қайта өңдеуді дамытуына байланысты қазақстандық ұнды өткізу нарықтары жыл сайын азайып жатыр. Осыған байланысты министрлікпен өнімді өткізу бойынша нарықты кеңейту шаралары қабылдануда. Мәселен жақында президентіміздің қытайға сапары шеңберінде қытайға астық өнімдерін қайта өңдеу экспортын ұлғайту және жеткізушілер реестріне жаңа компанияларды енгізу бойынша келісімсөздерге қол жеткіздік, оны іске асыруды бастадық.
Бүгінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге инвестиция көлемі де артқан. Ведомство басшысының айтуынша, 2022 жылы күрделі салымдар көлемі 141 млрд теңгені құрады. Ал өткен жылы кейбір тауарлар позициясының экспортына шектеулер енгізілгеніне қарамастан, өндіріс көлемінің артуына байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 2022 жылы 5,6 млрд долларды құрады. Бұл 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 46%-ке жоғары.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауылшаруашылығы министрі:
- Сондай-ақ жаңа өндірістерді ашуға бизнесті ынталандыру үшін астық дақылдарын тереңдетіп қайта өңдеу бойынша кәсіпорындарды салуға және жаңғыртуға 25 пайызға дейін инвестициялық субсидиялау, кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, қарапайым экономика негізгі және айналым қаражаттарын жеңілдетілген кредит беру, қосымша құн салығын 70 пайызға төмендету түрінде салықтық жеңілдіктерді беру, сондай-ақ, экспорттық транспорттық шығындарын 30 процентке дейін қайтарылуы арқы мемлекеттік қолдау шаралары қабылдануда. Ағымдағы жылы жалпы қуаттылығы жарма мен макарон өнімдерін 50 мың тонна және крахмал өнімдерін 21 мың тоннаға жеткізу жоспарланған 11 инвестициялық жобаны жүзеге асыру басталды.