Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданының кәсіпкерлері жалпы сомасы 475 млн доллар болатын оннан аса келісм-шартқа қол қойды. Шара «Қытай-Еуразия» жетінші көрмесінің аясында жүзеге асырылды. Қол қойылған келісім-шарттар арасында қазақстандық жемістер мен көкөністерді экспорттау, автоклав блоктарын өндіру, ақылды жылыжай жобасы бойынша келісімдер бар.
Қанат Бектембаев, «Xinjiang organic food import export CO. LTD» директоры:
– Бүгінгі таңда Қазақстанның ұлттық павильоны болу арқасында, біз алты үлкен Қытай компаниясының адамдарымен таныстық, келістік. Баға бойынша, көлем бойынша ақылдастық. Бұйыртса, 2022 жылдың оныншы айынан бастап жұмыс бастап кетуге біздің толық мүмкіндігіміз бар.
Қазақстандық тарап өсімдік майы, бал, кондитерлік және макарон өнімдері, ұн, шырындар сияқты 20 тамақ және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының 140-тан аса өнімін ұсынды.
Чжан Шуцзюнь, «Қытай – Еуразия» Экспосы хатшылығы Басшысының орынбасары:
– Қазақстан тарапы негізінен жергілікті халықтың сұранысына ие май, ұн, азық-түлік өнімдерін ұсынды. Олар көрмеге келушілердің көбінің көңілінен шықты. Әріптестік орнатуды қалайтын кәсіпкерлер де көп. Көрме екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді деп сенеміз.
Айта кетейік, ЭКСПО 23 қыркүйекке дейін жалғасады. 2 іс-шара Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданы мен Еуразия елдері арасындағы сауда, қаржы, инвестиция, туризм, ғылым, жаңа технологиялар және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.