Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы жартысында шағын және орта бизнестің өнім көлемі – 43 трлн теңгеге, яғни 25% артқан. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша өсім 5 бірдей негізгі саланы – сауда-саттық, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік тасымалы мен балық, орман және ауыл шаруашылығын қамтыған. Жалпы алғанда, ШОБ елдің ЖІӨ көлеміндегі үлесі 40% жуықтаған. Сондай-ақ, осы салада жұмыспен қамтылғандар саны 4 млн 400 мың адамнан асқан. Бұл экономикалық белсенді азаматтардың үштен біріне жуық. Іскерлік белсенділіктің артуына орай Қазақстан кәсіпкерлерді қолдау шараларын күшейтіп отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп орта кәсіпкерлікке арналған өнеркәсіп көлемін екі-үш есеге кеңейту жоспары жасалу үстінде. Осы мақсатпен тиісті кәсіпорындаға талдау жүргізіліп, жеке даму жоспары әзірленіп жатыр.
Ерлан Сағнаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Қазіргі таңда орта бизнес негізінен өндеу өнеркәсібіне шоғырланған, оның шағын және орта бизнестің жалпы өніміндегі үлесі 12% шамасында. Бұл саланың даму әлеуеті жоғары. Оның үстіне аталған салада толық көлемде қолданылмаған өндірістік қуат көлемі бар, бұған орта кәсіпкерлік нысандарын да қоса есепке алып отырмыз. Мемлекет Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп осы бағытта орта кәсіпкерлікті дамытуға назар аударып отыр.
Цифрландыру реформалардың басты элементі болып қала бермек. Жаңартылған Egov Business мобильді қосымшасын іске қосу және «Бизнестің цифрлық картасын» жасау кәсіпкерлерге «бір терезе» қағидасымен қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде 3 жарым млн астам цифрлық қызмет көрсетілген, ал белсенді қолданушылар саны 78 мыңнан асқан.

