2025 жылға қарай Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкімет рейтингінде алғашқы 20 елдің қатарына кіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді. Сарапшылар аталған мақсаттың жүзеге асатынына сенімді. Себебі, 2020 жылдың өзінде-ақ елімізде онлайн форматта қолжетімді мемлекеттік қызметтердің үлесі 93%-ке жетіп, бұл рейтингте 29-шы орынға тұрақтаған болатын.
«2025 жылға қарай БҰҰ-ның электрондық үкімет рейтингінде кемінде 20-орынға, B2C электрондық коммерция индексінде 50-орынға, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексінде 40-орынға жету үшін Қазақстан алдында үлкен мақсаттар тұр. Біз үкімет пен шоғырландырылған бизнес қауымдастық арасындағы стратегиялық серіктестікті сақтап және дамыта отырып, осындай өршіл мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін», - деп қорытындылады Ұлттық экономика министрлігінің басшысы.