Шымбұлақ шыңында трюк жасаған акробат

Алматылық Ғалымжан Әуесбай Шымбұлақта экстремалды трюк жасап, дүйім жұртты таңғалдырды. Ол биіктігі 3200 метр шыңда, бірінің үстіне бірі  қойылған 9 орындықта тұрып, көк туымызды желбіретті.

Табиғат сұлулығы мен қауіп-қатерді үңдестірген өнер иесі бұл видеоны түсіруге бір ай бойы тынымсыз дайындалған. Трюк кезінде қолданатын орындықтары жаңғақ ағашынан арнайы тапсырыспен жасалыпты. Әр орындықтың салмағы 7 жарым келі. 

Ғалымжан Әуесбай, акробат:

– Бұл өнерді маған ешкім үйреткен жоқ. Барлығы қызығушылықпен, адамның жеке қалауымен жасалған дүние ғой. Шымбұлақтың тура шыңына жасаймыз деп ойлағанбыз. Орындықтар ауыр, білесіздер, оны ана шыңға апару оңай болған жоқ. Жеткен жерімізге дейін жеттік.

Ғалымжан 3 жыл Англия циркінде акробат болып жұмыс істеп, өнерін шыңдаған. Жалпы эквилибристикалық өнер түрімен 10 жылдан бері  айналысады. Оның алға қойған мақсаттары көп. Соның бірі қазақстандық цирк өнерін шыңдап, неғұрлым жаңа трюктер жасау.