Қазанат жылқы тұқымын жаңғырту үшін арнайы Жол картасы әзірленуде. Осыдан 6 мың жыл бұрын Қамбар ата төлі тұңғыш рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені ғылыми дәлелденген. Осылайша бабаларымыз қамыс құлақ, бөкен қабақ, жібек жал, күпшек сан, құйма тұяқ деп сипаттап, Қабанбай мінген Қубастың, Ақан сері тақымдаған Құлагердің, Қобыландының Тайбурылының ізі болар таза қанды арғымақтар шығарылады. Бүгінде «қостанайлық» деп аталатын қазақтың асылтұқымды аттарын сақтап, дамыту мемлекеттік деңгейде қолға алынған.
Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:
- Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов осыған байланысты бейресми, ресми бірнеше жиналыс жасап, мемлекеттік құзырлы органдарға тапсырма берді. «Қостанай» тұқымына жай жылқы емес, брендіміз, тәуелсіздіктің 30 жылдығында шығарған үлкен бір дүниеміз ретінде қарауды тапсырған хаттамалар шықты. Бұл Жол картасы бірнеше жұмысты қамтиды. Оның ішінде: селекциялық жұмыстарды күшейту және зауыттың өмірін қайта қалпына келтіру.
Бабалар мінген қазанаттың тұқымын шығару ісі XIX ғасырдың соңында қолға алынып, селекциялық зауыттың орналасуына орай 1951 жылы «қостанайлық» деп ресми құжатталды. Осылайша, 44 мыңға жеткен сәйгүліктің бүгінде зауытта 48 тұқымы қалған. Оның төрттен бірі – аналық бие. Бұл жергілікті асылтұқымдардың буданы. Құлындары төрт атаға дейін таза қанын сақтап, өзара ұйықтырылады. Бұл үрдіс жасанды жолмен жүзеге асырылуда. Қазір іріктеудің енді бір бағыты ұсынылып отыр. Ол – табиғи сұрыптау.
Рахат Жақсыбай, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры:
- Біз биыл тұңғыш рет Елбасы кубогі бәйгесінің аясында «қостанай» тұқымды жылқылардың бөлек жабық бәйгесін өткіздік. Ол жерде ДНҚ тапсырады. Қанында 50% жоғары «қостанай» жылқысының қаны болуы керек, ол ДНҚ сараптамасы арқылы анықталады, паспорты болады. Сол кезде ғана олар жарысқа жіберіледі. Биыл 15-ке жуық ат қатысты.
Жүйрік тұлпарды анықтау бәйгесі енді дәстүрге айналып, жыл сайын талабы күшейтіле береді. Оған сәйкес жүлде қоры да қомақтана түседі. Мамандардың айтуынша, бұл қолында «қостанай» жылқысы бар азаматтарды олардың санын көбейтуге ынталандырады. Алғашқы жарыстан кейін-ақ ауыздығымен алысқан арғымақтарға сұраныс артып, бағасы 5 млн теңгеге дейін өсіп кеткен.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов