Еліміздің Ұлттық банкі «Қазақстанның жер қойнауы» сериясынан жаңа коллекциялық монеталарын айналымға шығарды. Ол Қазақстанның табиғи байлығын ашуға арналған. Монета дизайнында Менделеев кестесі мен мыс химиялық элементінің айшықталған бөлігі ұсынған. Оның номиналы – 1000 теңге, таралымы – 1000 дана. 925 сынамалы күмістен жасалған монеталардың әрқайсысының салмағы шамамен 33 грамм.
Дана Мағауина, ҚҰБ банкноттары
мен монеталары дизайны басқармасының бас маманы:
- Бұл серия Қазақстан
жерінің байлығы тақырыбын ашуға арналған. Серия аясында Менделеев кестесінің
химиялық элементтерінен дайындалған жаңа технология бойынша күмістен монеталар
жасау жоспарлануда.
Айта кетейік, бұған дейін
«Қазақстанның мешіттері мен шіркеулері» сериясынан ASTANA QALASYNYŃ BAS MESHITI
коллекциялық монеталары айналымға шықты. Ол Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің
бірі Астана қаласының орталық мешітіне арналған. Сондай-ақ «Сиқырлы нышандар»
сериясынан FATIMA QOLY коллекциялық монеталары сатылымға шықты. Екі тиынның да
номиналы – 1 мың теңге.
Әсел Күшенғалиева

