Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жіберді. Жүк ұшағы Алматыдан Польшаның Катовице қаласына аттанды. Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 28 тонна. Онда 17 түрлі дәрі-дәрмек пен санитарлық бұйым, оның ішінде антибиотиктер, қабыну мен жөтелге және гипертензияға қарсы препараттар бар.
Еске салайық, Қазақстан мен Украина президенттері екі елдің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығы жөнінде наурыз айының басында уағдаласты. Осылайша еліміздің Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері бірлесіп, Алматы-Катовице бағыты бойынша гуманитарлық жүкті әуе кемесімен жеткізу мәселесін шешкен.
Айта кетейік, келесі рейс 15 наурызда аттанады.
Шолпан Әділбекова, «СҚ Фармация» ЖШС өкілі:
- ҚР Президентінің жолдамасы бойынша, дәрі-дәрмектің бірнеше түрі екі рейспен, яғни 14-15 наурыз аралығында жеткізілмек. ҚР Денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің көмегімен Алматы-Катовице-Польша арқылы гуманитарлық көмек жіберіліп отыр.