Астанада қазақстандық батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды

Астанада қазақстандық батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды

Қазақстанның астанасында Жеңіс күнін мерекелеу аясында соғысқа қатысқан батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Премьер-Министр Олжас Бектенов Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, аты аңызға айналған ұшқыш Талғат Бигелдиновтің рухына тағзым етті. Ол соғыс жылдарында 305 рет әскери шабуылға шығып, жаудың 7 ұшағын жойған. Соғыс аяқталған соң батыр әскери әуе күштерінде қызмет етіп, кейін Қазақстанның азаматтық авиациясын дамытуға зор үлес қосты.


Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жеңіс күніне орай Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл қойып, сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға ардагерлер ұйымдары мен күш құрылымдарының өкілдері және депутаттар қатысты. Ал, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл қойды. Іс-шара даңқты қолбасшының есімімен аталатын даңғыл бойында өтті. Кеңес Одағының Батыры 316-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Кейін полкке, дивизияға қолбасшылық етті. Астанадағы батырға арналған ескерткіш 2008 жылы ашылды.


Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жалпыұлттық іс-шаралар аясында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойды. Айта кетейік, биыл қазақтың мерген қызының туғанына 100 жыл толып отыр. Осы датаға орай бүкіл ел бойынша түрлі шаралар өтіп жатыр. Гүл қою рәсіміне Ұлттық құрылтай мен Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бірқатар мүшесі қатысты.


Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен қазақ халқының ұлы перзенті, «Халық қаһарманы» Рақымжан Қошқарбаевтың ескерткішіне гүл қойды. Тарих жады мен батырлық мұраны сақтаудың маңыздылығы ретінде соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?