Ақжайық жылқысының жаңа тұқымын шығару. Қазақстандық селекционерлер осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Ол үшін ғалымдар қазақтың жабы жылқысын мұғалжармен будандастырмақ. Нәтижесінде асылтұқымды арғымақтан кем түспейтін, төзімділігімен және өнімділігімен ерекшеленетін тұлпар алу көзделген.
Жанқабыл Сәтпаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Биені мұғалжармен қосып, содан шығарғымыз келіп отыр. 2015 жылы статусын алып, қазақы жабы тектес жылқы деген атағын алдық. Шетелдік ағылшын айғырларымен де будандастырып жатырмыз, одан мініске ат шығарамыз. Бұрынғы қазанат, қазақтың қарабайыр жылқылары бар емес пе, Ақан серінің құлагері сияқты. Сондай аттарды мініске шығарып жатырмыз.
Бұл шаруашылықта барлығы 3 мың бас жылқы бар. Негізгісі – қазақтың жабы тұқымдас биелері. Олар көнбіс және салт жүріске жарамды деп саналады, бірақ негізінен ет пен сүт өндіру үшін өсіріледі. Ал мұғалжар тұқымдысы құнарлығымен, жоғары өнімділігімен және төзімділігімен ерекшеленеді. «Жаңа Ақжайық типі осы асылтұқымды генотиптерден ең жақсысын алады», – дейді селекционерлер.
Алтай Зейнуллин, селекционер:
- Бұл тұқымды алу үшін алдымен қазақы жабыны көшім тұқымынан өтіп, содан кейін иммунитетті, бейімделу қасиеттерін арттыру үшін мұғалжар тұқымымен жаптық. Бұлардың барлығы жергілікті тұқымдар болып саналады. Жыл бойы жайылымға бейімделген. Тірі салмағын, көлемін арттырып, жануардың жайылымда бейімделу қасиеттерін сақтаймыз.
«Етті-сүтті бағыттағы Қамбар ата түлігінің жаңа тұқымын алу – қоректік құндылығы мол табиғи таза өнім өндіруді жолға қоюға тағы бір қадам», – дейді селекционерлер.