Қой жүнінен жасалған өнер туындысы. Маңғыстау облысындағы ауылдардың бірінде жүннен сурет салатын үйірме бар. Мұнда мұғалім Шынар Ралиева «Түбіт акварелі» техникасымен сурет салудың әдіс-тәсілдерін үйретеді. Ұстаз қолданбалы қолөнердің ғасырлар бойы өзгермеген көне дәстүрлерін жаңғыртуда.
Жаңылсын Айбергенқызы, оқушы:
- Қазір менің жасап жатқан жұмысым – кесейғап. Аяқтауға сәл ғана қалды. Бұл – кеселер сынып қалмауы үшін сыртынан орайтын қап. Баяғыда ата-бабамыз көшіп-қону кезінде қолданған Мұны жасауға 2-3 күн уақытым кетті. Бұдан кейін қазақтың басқа да ыдыстарын жасаймын.
Технология пәні мұғалімінің айтуынша, қазір үйірмеге 15 оқушы қатысады. Жасөспірімдер бейнелеу өнерінің бірнеше жанрында 25-тен астам картина жасап үлгерген. Бірақ бір кенептің пайда болуы үшін біршама уақыт қажет. Себебі мыңдаған түрлі-түсті жіп бір-біріне қабат-қабат орналасады. Нәтижесінде үш өлшемді эффекттер мен көлеңкелер пайда болады. Мұндай эффектке бояулармен жасалатын кескіндемеде қол жеткізу қиын.
Шынар Ралиева, технология пәнінің мұғалімі:
- «Неге жүнді басуда ерекше тәсіл ойлап таппасқа?» деген оймен құрғақ жүнді басу арқылы осы картинкаларды шығардық. Бұл – көп айналыспайтын, қазір қалып бара жатқан өнердің бір түрі. Мұны оқушыларға үйретуімнің бірден-бір себебі – саусақтар арқылы ми дамытып, қабілет әрі қарай бекиді.