Қазақстандық мектептер жаңа оқу жылын өзгерістермен бастамақ. Елде 1 қыркүйектен бастап үштілділік жойылады. Мұндай шешім отандық және халықаралық сарапшылардың талдауына негізделген. Оның нәтижесі бастауыш сынып оқушыларына бірден үш тілді меңгеру қиынға соғатынын көрсеткен. Осылайша, 1-сынып оқушылары алдымен ана тілінде оқу-жазуды үйренеді, одан кейін 2-сыныпта қазақ немесе орыс тілі қосылса, тек 3-сыныпта өзге шет тілін оқиды.
Бұл туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеп, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңашылдықтарға тоқталып өтті. Министр білім ошақтарындағы балалардың қауіпсіздігіне байланысты талаптарды күшейту маңызды екенін баса айтты.
Асхат Аймағамбетов, ҚР оқу-ағарту министрі:
– Балабақшаларда ұрып-соғу фактілері орын алса, олардың өміріне, оқуына, тәрбиесіне деген қалыпты талаптар орындалмаса – олай жалғаса беруге болмайды! Талаптарды күшейту керек. Ең алдымен, барлық жерге міндетті түрде бейнебақылау камераларын орнату қажет. Екіншісі – санитарлық және өртке қарсы талаптарды міндетті түрде сақтау. 9 квадрат метрде 25 балаға сабақ өткізу мүмкін емес. Үшінші мәселе – тәрбиешілердің біліктілігі. Яғни, балалармен жұмыс істейтін адамды көшеден алып келуге болмайды.
Жоғары сынып оқушылары үшін де жағымды жаңалықтар жоқ емес. Енді халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ұлттық Бірыңғай Тестілеуден босатылады. Өзі қалаған отандық ЖОО-на емтихан тапсырмай-ақ түсе алады. Сондай-ақ, халықаралық зияткерлік сайыстардың жеңімпаздары атанған ел оқушыларына 4 млн 500 мың теңгеге дейін үстемақы беріледі. Олардың ұстазы мен тәлімгерлеріне де қаржылық ынталандыру көрсетіледі.