Қазақстан – Түркия: жаңа ынтымақтастық көкжиегі

Қазақстан – Түркия: жаңа ынтымақтастық көкжиегі

Түркияның тоқыма өндірісі Қазақстанмен әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі. Анадолының сала өкілдері келісім бекітіп, жұмыс аясын анықтау мақсатында елімізге арнайы келді. Бауырлас мемлекеттің 10-ға тарта дизайнері үздік киім үлгілерін паш етті. Түркиялық сәнгерлердің қолынан шыққан жаңа жұмыстар алдымен қазақстандық қауымның назарына ұсынылғанын айта кету керек. Шараны Түркияның біздегі Елшілігі мен Ыстамбұлдың тоқыма және киім экспорттаушылар қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.

Мұстафа Кападжу, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

– Бұл мәдени және коммерциялық іс-шара. Әрине, Түркияның осы жердегі өкілі ретінде біз түрік тоқыма өнерін және Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға тырысамыз.  

Митхат Самсама, Ыстамбұл киім экспорттаушылар қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі:

– Біз осы істі неге Қазақстаннан бастап отырмыз деген сұраққа былай деп жауап бере аламыз. Себебі Қазақстан Түркі мемлекеттерінің бірі, сонымен қатар осы елде жұмыстарымыздың әрі қарай дамуына жол ашылады деп есептейміз. Қазақстанның нарығы, қаржы орталығына айнала бастауы және сән әлеміне қадам басуы бізге өте пайдалы болады деп ойлаймын.

Жеңіс Ермұқанов.