Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Анкарада түрік бизнесінің ірі өкілдерімен кездесуінде осылай деп мәлімдеп, ел экономикасына инвестиция құюға шақырды. Жиында тараптар алдағы уақытта қолға алынатын іргелі бастамаларды талқылады. Мемлекет басшысы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін баса айтты. Қазірдің өзінде түрік кәсіпкерлері еліміздің химия, ауыл шаруашылығы, құрылыс және өзге де салаларда бірлескен жобаларды іске асырып жатыр. Елімізде түрік капиталы бар 4 мыңға жуық компания табысты жұмыс істеуде.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Соңғы 16 жылда түрік бауырларымыз Қазақстанға 4,2 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйды. Әлем бойынша шетел инвестициясының көлемі қуантарлық жайт деп айтуға болады. Түркияның тікелей инвестициясы рекордтық көрсеткішке жетіп, 680 млн доллар болды. Қазір Қазақстанда түрік жемісті жұмыс істеуін қалыпты жағдай деуге болады.
Мемлекет басшысы түрік инвесторларына бағалы және түсті металды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған 5 жобаны ұсынды. Сонымен қатар жаңа геосаяси ахуалға байланысты Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөлі айтарлықтай арта түскенін атап айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есеге қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды.
Айта кетейік, кездесу нәтижесінде қос ел компаниялары арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Президент бизнесмендерге бекітілген келісімдерді жүзеге асыру жеке бақылауында болатынын жеткізді.