Қазақстан Премьер-министрі мен Иранның бірінші Вице-президенті сауда-экономикалық қатынастарды тереңдету және инвестициялық өзара іс-қимылды талқылады. Олжас Бектеновтің Мохаммад-Реза Арефпен Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында өтті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастардың барлық бағыттар бойынша серпінді дамып келе жатқанын назарға алды. Екі ел арасындағы өзара алыс-беріс былтыр 300 млн долларға жетті. Сонымен қатар, Қазақстан 130 млн-нан асатын 60 тауар түрін әртараптандыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және ауқымын кеңейтуге қызығушылық танытты. Атап айтқанда, еліміз бидай, арпа және майлы дақылдарға деген ирандық нарықтың сұранысын қанағаттандыруға дайын. Сондай-ақ, қос тарап «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізі шеңберінде жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға және инфрақұрылымды дамытуға ниетті. Кездесуде қазақстандық және ирандық Ақтау, Құрық, Анзали және Амирабад порттарының терминалдарын жаңғырту перспективалары қаралды.
Олжас Бектенов, Қазақстан
Республикасының Премьер-министрі:
- Екіжақты байланыстар барлық бағыттарда жоғары динамиканы көрсетуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тегеранға жасаған сапары шеңберінде екі ел арасында елеулі келісімдерге қол жеткізілгені мәлім. Екі ел үкіметтерінің негізі мақсаты — мемлекет басшылары айқындап берген міндеттерді толық орындау және Қазақстан-Иран әріптестігін сапалы жаңа деңгейге көтеру болып табылады.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

