Қазақстан мен Кипр ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын айқындады

Қазақстан мен Кипр ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын айқындады

Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысы бойынша өткен брифингте Қазақстан мен Кипр ынтымақтастығының әлеуетіне тоқталды. Тараптар өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлық серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырды. Ол Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор екенін айтты. Бұл қадам Орталық Азия аймағы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көп салалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Президенттің айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті


– Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлық әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады.


Келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының айтуынша, Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз бұл бағыттағы тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалмады. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Қос тарап Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келісті. Яғни, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысуға  уағдаласты.


Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті

– Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог – сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер – жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі.  

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?