Қазақстан ДСҰ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән береді

Қазақстан ДСҰ-мен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән береді

Қазақстанның сыртқы саудасының көлемі соңғы үш жылда 53 пайызға ұлғайып, 160 миллиард долларға жетті. Бұл туралы мемлекет басшысы Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директорымен кездесуде мәлімдеді.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша,  жаһандық протекционизм мен сауда шектеулерінің күшейіп келе жатқанына қарамастан, Қазақстан экономикасы ашық ел ретінде өз позициясын нығайта түсуге ұмтылады. Республика бүгінде  әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасайды. Президент Алматыда өтіп жатқан Орталық Азияның сауда саясаты жөніндегі Екінші форумының өңірдегі экономикалық ынтымақтастық пен сауда-саттықты ілгерілету, көршілес елдерді көпжақты сауда жүйесіне интеграциялауда мәні зор екеніне назар аударды. Сонымен қатар, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:  

-Сіздің басшылығыңызбен көпжақты халықаралық сауда жүйесі қазіргі кедергілерді жоюға және тең жағдай жасауға бағытталған үлкен трансформациядан өтетініне сенімдіміз. Сіздің Алматыға сапарыңыздың маңызы зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тығыз ынтымақтастығымыз үшін өзіңізге ризашылығымды білдіргім келеді. Ұйымға мүше елдер министрлерінің 12-ші конференциясына төрағалық ету – Қазақстан үшін үлкен жауапкершілік, әрі мәртебе. Аталған жиын барысында ДСҰ мүшелері ұйымды реформалау туралы маңызды шешімдер қабылдай алды

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ДСҰ бас директорын ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.