Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт
көлемін ұлғайтты. Биыл алғашқы жеті айда өсімдік шаруашылығындағы бұл көрсеткіш
жартысынан астамға және мал шаруашылығындағы жеткізілімдер үштен бірге көбейді.
Бұл туралы Үкімет отырысында Сауда министрлігінің басшысы хабарлады. Арман
Шаққалиевтің айтуынша, өсім негізінен дәстүрлі қазақстандық өнім түрлеріне тиесілі.
Осылайша, бидай тасымалы 56%, күнбағыс майын жеткізу 76%, ал арпа саудасы 94% артқан.
Жалпы, сыртқы сұраныстың басым бөлігін 10 импорттаушы ел құрайды. Бұл ретте
Қазақстан Еуропа, Таяу Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азияның жаңа нарықтарына шығумен
қатар, ТМД және Қытай бағыттарында дәстүрлі жеткізілім көлемін сақтады. Жаңа
нарықтарды бағындыру үшін шетелдерде сауда павильондары мен логистикалық хабтар
құрылып жатыр. Сондай-ақ, министрдің айтуынша, майлы дақылдар секторын жаңа
деңгейге шығару жоспарланған.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда
және интеграция министрі:
- 2027-ші жылға қарай саланың жылдық айналымын бір млрд АҚШ долларынан
асыру және әлемдегі ең ірі күнбағыс майы
компанияларының үштігіне кіру жоспарланып отыр. Бұл жоба агроэкспорттың өзге де
бағыттарында кеңейтілетін болады.

