Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойды. Мемлекет басшысы және салтанатты шараға жиналған майдангерлер, тыл еңбеккерлері мен қайырымды қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Содан кейін Президенттік оркестр Мемлекеттік әнұранды орындап, Құрмет қарауылының ротасы шараға қатысушылар алдынан сап түзеп өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтады. Еске салайық, қазіргі таңда Қазақстанда көзі тірі 148 майдангер бар.
Бақытжан Ертаев, «TAYELSIZ QAZAQSTANNYN HALYQ BATYRLARY» РОО басшысы:
- Бұл – тарих. Тарихсыз ел жоқ. Бұл тарихтың, 9 мамырдың тарихы өте өзгеше. Бауыржан Момышұлы бүкіл әлемге қазақ елін көрсетті. Талғат Бигельдинов, Рақымжан Қошқарбаев, анамыз – Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және тағы басқалар. Біз солармен мақтанамыз.
Берік Асылов, ҚР-ның бас прокуроры:
– Жыл сайын осы мереке бізге қуанышты мереке. Барлық ардагерлерді құттықтаймыз. Бұл жеңістің маңыздылығы зор. Еліміз, жұртымыз аман болсын. Ең бастысы – соғыс болмасын!