Астанада жыл сайын өткізілетін тоғызыншы дәстүрлі «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпаздары анықталды. Марапаттау рәсімі еліміздің Сыртқы Істер Министрлігінде өтті. Әзербайжан, Бразилия, Мысыр, Испания, Италия, Қырғызстан, Ресей және Жапониялық журналистердің материалдары үздік болып танылды.
Милтон Атаназио, журналист, Бразилия:
– Біз Халықаралық қатынастар саласын зерттейтін Бразилия журналистер қауымдастығының өкілдеріміз. Бұл жеңіске қатты қуанып отырмыз. Бұл біздің халықаралық танылуымыз ғана емес, қауымдастығымыздың өз ұстанымдарына берік болуы мен жұмыс этикамыздың дұрыс екендігінің көрінісі. Қазақстан мен Бразилияның екіжақты қарым-қатынастары тығыз әрі күн санап жақсарып келеді. Біздің сауда және дипломатиялық қарым-қатынастарымыз берік десек болады. Елдеріңізде өтіп жатқан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырту бергендеріңізге рахмет.
Даниэла Брикка, журналист, Италия:
– Бұл – менің сіздердің елдеріңізге келген екінші сапарым. Маған Қазақстан өте қатты ұнайды. Табиғатының әралуандығы, биік таулар мен каньон секілді ерекше көзге түсетін жерлер өте көп. Бұл жерде барынша көп уақыт өткізгім келеді. Бұл марапат маған бұйырғанына өте қуаныштымын. Алғысым шексіз.
Конкурсқа әлемнің 30 елінен 80 медиа өкілдері мен блогерлер қатысты. Өздерінің авторлық материалдарында олар бірнеше бағытты қамтыған. Олардың қатарында: Қазақстан тарихы, мәдениет, білім беру, туризм және ұлттық асханамен қатар инвестициялық әлеует пен халықаралық қатынас секілді салалар. Қазылар алқасы 8 номинация бойынша 8 үздік жұмысты іріктеп алды.
Фатма Бадауи, журналист, Египет:
– Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Таяу Шығыс пен Африка елдері арасында менің жұмысым ең үздік деп танылғанына қуанышым шексіз. Мен Қазақстан туралы өте көп мақала жаздым. Артынша оны Қазақстандағы Мысырдың елшілігі өз сайттарында жариялап отырды. Мен Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын сәтті өткізетініне сенімдімін.
Конкурс жеңімпаздарына дәстүрлі түрде елімізге саяхат жасау мүмкіндігі беріледі. Оның үстіне, тек Астана ғана емес, Алматы мен Маңғыстау облысындағы туристік мекендерге жолдама сыйланды. Одан бөлек, шетелдік қонақтар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына барып көруге де мүмкіндік туады.