Алматы қаласының музейлері түркі әлемінде үздік деп танылды

ТҮРКСОЙ-дың жоғары наградасын Алматы музейлер бірлестігі иеленді. Айта кетейік, оған қорында 60 мыңнан астам экспонаты бар 8 галерея кіреді. Түркі мәдениетіне жауапты халықаралық ұйымның бас хатшысы Сұлтан Раевтың сөзінше, осы марапат – қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы мен құндылықтарын Қазақстан ішінде де, шет мемлекеттерде де насихаттауға арналған ауқымды жұмыстардың жемісі.


Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:


– Біз жылда музей ісі бойынша мониторинг жүргіземіз. Әсіресе, музей жәдігерлерін танытуға арналған жұмысқа көп мән береміз. Алматы қаласының музейлері тек түркі әлемінде ғана емес, оның сыртында да жұмыс істейді. Олар былтыр Италияның Неаполь қаласында көрме өткізді. Биыл жоғары деңгейдегі көрме Еуропаның қақ ортасы – Прагада өтті. Ол келушілердің таңданысын тудырды. Музейлер қазақ халқының бай тарихи мұрасын көрсетті. Келушілерге қазақ даласын, қазақ халқын жаңадан танытты десем, артық айтқаным емес. Осындай ауқымды жұмысты ескере отыра ТҮРКСОЙ осындай жоғары дәрежелі марапатты беруді ұйғарды.


Одан бөлек, Қазақ халқының, көшпенділер даласының мұрасын насихаттау мақсатында Түркия, Оңтүстік Корея мен Аустрияда жылжымалы көрмелер өткізілді. Жалпы, мамандардың айтуынша, ол қазақ мәдениетін шетелге танытып қана қоймай, елімізге туристер ағынын жақсартуға мүмкіндік береді.