Қазақстанда «Арқалан» петроглифтер саябағы пайда болады. Ол елімізде ғана емес, Орталық Азиядағы алғашқы көне таңбалар тақырыбын арқау еткен нысан болмақ. Алматыдағы бас Ботаникалық бақта орналасатын парк 2 мың 600 шаршы метр аумаққа жайылмақ. Саябақта түркі халқының петроглифтері, сондай-ақ отандық суретшілер мен мүсіншілердің интерпретациялары да орын табады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, петроглифтер түпнұсқаларға қатты ұқсайды. Оның үстіне, бұл тарихи экспозиция Қазақстан даласындағы көгалдардың ішінде болмақ.
Айта кетейік, бұл саябақты ашу үшін жұмыстар бір жыл бұрын басталған. Нысанның бірінші кезегінің ашылуы қыркүйек айының соңына белгіленді. Дегенмен, саябақты толықтыру бойынша жұмыстар жалғаса береді.
Ольга Гумирова, «Петроглиф ізшілері» қоғамдық қорының атқарушы директоры:
–Біз түркі әлемін, біздің ата-бабаларымызға тиесілі ондағы нысандар мен бейнелерді қайта жаңғыртпақ болдық. Мұнда Әлем ағашы мен сиқырлы құдық, шежіре тасы да болады. Сонымен қатар, барлық қазақ рулары бейнеленетін тас жасалады. Оның үстіне, «Ата-бабаларымызға тағзым» деп аталатын тас маған ерекше ұнайды. Бұған қоса ертедегі түркі үйінің іргетасын жасамақпыз.
Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үшінші Ұлттық Құрылтайда: «Қазақстанды «Петроглифтер елі» деп бекерден бекер айтпайды», - деп мәлімдеме жасаған. Сонымен қатар, қайталанбас тарихи жәдігерлерді қорғаудың маңыздылығын тағы бір ескерткен болатын.
Айта кетсек, елімізде ғалымдарға белгілі 300-ге жуық тасқа таңбаланған суреттер мен жүздеген ұсақ суреттер бар. Оның үстіне, археологтар жылда жаңа таңбалар тауып жатады.