Қазақстанда 8 су шаруашылығы бассейні бар. Оның 7-уі 58 трансшекаралық өзенді
қамтиды. Олардың ресурстарын Қытай, Ресей мен Орталық Азия елдерi бiрлесiп
пайдаланады. Трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану жөніндегі жұмыс
үкіметаралық келісімдер шеңберінде жүргізіледі. Еліміздің көршілес мемлекеттер
және халықаралық ұйымдармен су саласы бойынша ынтымақтастық аясын кеңейіп келеді.
Мәселен, солтүстіктегі 4 өзен бойынша Қазақстан-Ресей комиссиясы жұмыс істейді.
Отандық мамандар Ирикла су қоймасының көктемгі тасқынды реттеу жұмысына
қатысады. Ал Аспан асты елімен Үкіметаралық келісім аясында Үлкен Ұласты
өзенінде бірлескен су бөлу нысаны салынбақ. Сондай-ақ былтыр Өзбекстанмен
трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару туралы жаңа келісім жасалды. Нәтижесінде
Солтүстік Арал теңізіне 6 млрд текше метрден астам су жіберіліп, айдынның
көлемі 23 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Сонымен қатар осы бағытта Дүниежүзілік
банкпен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі:
- Халықаралық
шарттарға қатысу Қазақстанның су ресурстарын орнықты және ұтымды пайдалану, су
экожүйелерін пайдалану қағидаттарына көршілес мемлекеттермен өзара
ынтымақтастықты дамытуға берік ұстанымын көрсетеді. Қазақстан Хельсенки
Конвенсиясын іске асыру аясында БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясымен
белсенді түрде өзара іс-қимыл жасайды және Конвенсия бюросының мүшесі болып
табылады. Бұл Қазақстанның трансшекаралық ынтымақтастықты қалыптастыру
мен шешімдер қабылдаудағы жетекші рөлін айқын көрсетеді.

