Ақордада Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Президентінің атынан халықаралық Silk Way Star музыкалық жобасының қатысушылары мен ұйымдастырушыларын марапаттады. Музыка өнеріндегі жарқын жетістіктері мен халықтар достығын нығайтуға қосқан үлесі үшін жоба жеңімпазы Мишель Джозефке ІІ дәрежелі «Достық» ордені табысталды. Сонымен қатар, бірқатар қатысушы мен ұйымдастырушы Президенттің Алғыс хатына ие болды. Ерлан Қарин жобаның басты ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешеніне және Қытайдың China Media Group медиакорпорациясына ризашылық білдірді. Мемлекеттік кеңесші Silk Way Star музыкалық конкурсы халықаралық жоба ғана емес, халықтар арасындағы шынайы достық пен нағыз шығармашылық алаңына айналғанын атап өтті.
Айта кетейік, Silk Way Star байқауы Қазақстанның ең танымал медиа өнімдерінің біріне айналды. Бірегей жобаны әлем бойынша 40-тан астам елде 143 млн астам адам тамашалады. Мега байқаудың ғаламтор желісіндегі көрермендер саны 300 млн асты.

