Алматыда ашық аспан астында Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі
әскери техникалар мұражайы пайда болады. Мамандар бірегей көрмені құруға
белсене кірісті. Оны 9 мамыр мейрамының қарсаңында ашу жоспарланған.
Экспозицияға 30-ға тарта әскери техника мен қару-жарақ кіреді. Олардың арасында
кеңестік және неміс өндірісінің сирек үлгілері қойылмақ. Солардың бірі - аты
аңызға айналған Т-34 танкі мен дивизиялық зеңбірек. Ол Панфилов дивизиясының
8-ші гвардиялық мотоатқыштар дивизиясына тиесілі болған. Пулеметтер мен
тасымалдағыштар Армия үйінің аумағында орналастырылады. Кейбірі қазірдің өзінде
қалпына келтірілген. Сондай-ақ, музей аясында соғыс туралы фильмдер
көрсетілетін жазғы кинотеатр ашу көзделген.
Алматбек Назаров, Алматы Әскери-тарихи музейінің
қызметкері:
- Мұражайдын жастарға берер мәні де, берер тәрбиесі де
өте мол. Біз сол мұраларды жастарға жеткізіп, сол тәрбиені көрсетіп тарихты
ешқашан ұмыттырмаймыз. Біз сол ата-бабаларымыздың ерліктерін қазіргі жаңа
буындарға және өскелең жастарға жеткізу біздің негізгі жұмысымыздың мақсаты
сол.
Алуа Байқадамова, Алматы Әскери-тарихи музейінің директоры:
- Бұл аумақ шектеулі болғандықтан, өлшемдері сай келетін
экспонаттарды ғана таңдадық. Егер осы жақтан бастасақ, мұнда бақылау бекеті,
арғы жағында Мәңгілік алау орналасқан. Мәңгілік алаудан жоғары көтерілгенде,
алты әскери қару-жарақ бірлігі қойылады.

