Заманауи неоклассика және ұлттық хореографияның үздік қойылымдары, көптен күткен тұсаукесерлер мен шетелге сапарлар. «Астана Балет» директоры Александр Совостьянов IX театр маусымы аясындағы ауқымды жұмыс жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, елорда қонақтары мен тұрғындарына бірегей түрлі жанрдағы репертуар және үш тың қойылым дайындалды. Оның ішінде сән, сұлулық және өнер туралы Ксения Звереваның «Dior. Ма Muse» балеті, Мукарам Авахридің «Тағдыр арқандары» және Иржи Килианның «Саяхатшы шәкірттің әндері» премьералық қойылымдары бар. Көрермендер көзайымына айналған Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» және ұлттық хореографияның ең үздік үлгілерінің бірі «Сұлтан Бейбарыс» атты екі қойылымды театр артистері алдағы қазан айында Дубайға гастрольдік сапар барысында көрсетуді жоспарлап отыр.
Александр Совостьянов, «Астана Балет» театрының директоры:
- Екі бірдей ерекше қойылым карантиндік ұзақ үзілістен кейін алғашқы шетелдік гастрольдік сапар барысында Дубай қаласында өтетін «EXPO-2020-да» көрсетіледі. Туынды «Дубай Опера» атты үлкен жаңа театрда ұсынылады. Сондай-ақ 25-26 қыркүйекте Түркістан қаласына гастрольге барып, ұлттық хореографиямыздың бір бөлігін көрсетпекпіз. Оған аса мән береміз. Көрсеткелі отырған бағдарламамыз «Ұлы дала мұрасы» деп аталады, онда 70-ке жуық нөмір бар.
Сондай-ақ «Астана Балет» театрының сахнасында осы маусымда Ресей театрының артистері «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам. Кеңестік триллер» спектаклімен өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Олардың сапарын еліміздің Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырады.
Авторы: Ақзер Сегізбай