Қазақстандық домбырашылар дуэті Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша амбассадоры болады. Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі осындай шешімге келді.
Еске салайық, жақында киелі ұлттық аспапты дәріптеп жүрген өнерпаздар «Golden Time Talent» халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды. Онда қазақстандық музыканттар танымал композитор Антонио Вивальдидің барокко стиліндегі шоқтығы биік «Жыл мезгілдері» топтамасындағы «Жаз» шығармасын өңдеп, қоңыр домбыра сарынына келтіріп орындап берді. Қазір дуэт алдағы күндері Түркия елінде өтетін қазақ әуендерінің шығармашылық кешіне дайындық үстінде.
Айта кетейік, «Темірлан-Ернат» тобы 2007 жылы құрылған. Осы күнге дейін олар АҚШ-та өткен халықаралық байқауда топ жарып, Қытайда Димаш Құдайбергенмен бірге өнер көрсеткен. Олар Түркия, Израйль мен Еуропа елдерінде де көрермен ықыласына бөленді. Өнер иелері: «Басты мақсатымыз – қазақтың ұлттық аспабын асқақтатып, жер-жаһанға дәріптеу», – дейді.
Темірлан Олжабай, домбырашы:
- Сезімім тасып, жүрегім толқып тұр. Бұл – біздің емес, киелі домбыраның жеңісі. Әрдайым осылай айтамыз. Оның қасиеті осындай. Сондықтан қазір оны сөзбен жеткізу мүмкін емес. Түрлі ұсыныстар түсіп, шақыртулар көбейді. Біз асықпай өз жоспарымызға сай жұмыс жасаймыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов