Қазақстанда алдағы бірнеше жылда Орталық Азияны тұрақты дамыту үшін БҰҰ-ның Цифрлық шешімдер орталығы пайда болады. Оның нақты қай жерде орналасатыны, мақсаттары мен міндеттері цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхит министрлік конференциясында жарияланады. Іс-шара биыл күзде Астанада 60 елдің министрлерінің қатысуымен өтеді. Оны Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының арасында өткізу туралы келісімді Мәжіліс ратификациялады. Құжат Азия-Тынық мұхиты аймағы экономикасының негізгі секторларында цифрландыруды дамытуға, цифрлық саладағы жобаларды іске асыруды үйлестіруге, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік деңгейдегі ықпал ету саласын кеңейтуге және қазақстандық ІТ қызмет экспортын арттыруға бағытталады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-Біз цифрлық шешімдер орталығының осында орналасқанын
қалаймыз және бұл хабтың бір түрі болар еді, сонымен қатар, экономикалық
тиімділік тұрғысынан БҰҰ бөлімшесі арқылы аймақтағы IT шешімдерімізді
ілгерілету әсер етеді. Біздің IT секторымыздың 5 жылдағы тарихына көз жүгіртсек,
ол 10 есе өсіп, жылына шамамен 500 миллион долларға тең келді. Бұл біздің
компаниялар, стартаптарға шетелге шығып қаражат жұмсамай, шығынға ұшырамауға
мол мүмкіндік деп ойлаймын. Өз елімізде роуд-шоудың бір түрін ұйымдастырып,
республикада стартаптар алеясын жасаймыз.