Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. ЕАЭО үшін мерейтойлық жылы ұйымға мүше елдердің көшбасшылары Ресейдің Санкт-Петербург маңында бас қосты. Шағын құрамдағы кездесуде Армения премьер-министрі Никол Пашинян төрағалық етуді бейнебайланыс арқылы қорытындылады. Тараптар күн тәртібінде ортақ электр энергетикасы нарығын қалыптастыру, қаржы мен кеден саласындағы заңнамаларды үйлестіру және бірыңғай қызмет көрсету нарығының жұмысын дамыту мәселелерін талқылады. Сарапшылардың айтуынша, әлемде ЕАЭО-қа қызығушылық артып келеді. Өзбекстан мен Куба – ұйымның бақылаушы елдері, ал Вьетнам, Сингапур, Сербия және Иран еркін сауда аймағына кірді. Жиын барысында одақ мүшелері Иранға бақылаушы ел мәртебесін беру туралы стратегиялық шешім қабылдады. Алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары – Транскаспий көлік дәлізі арқылы транзиттік әлеуетті дамыту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту.
Дмитрий Ланко, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің доценті:
- Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші елдер арасындағы транзит туралы келісім ең маңызды құжаттардың бірі. Біздің елдеріміздің аумағы кең. Біз арқылы одақтас елдерді жалғайтын күре жолдар ғана емес, әлемнің өзге де өңірлерін өзара байланыстыратын халықаралық дәліздер өтеді. Сондықтан бұл келісім біздің алыс-берісімізді арттырады. Енді бір атап өтетін биылғы өзгерістердің бірі - Иранның Еуразиялық экономикалық одаққа бақылаушы ретінде қосылуы. Осы уақытқа дейін бізде Өзбекстан мен Куба сынды екі бақылаушы ел болған.
Кеңейтілген отырыс барысында Куба мен Иран елдерінің өкілдері сөз сөйледі. Соңғысының экономикасын дамытуда ЕАЭО елдерімен еркін сауда аймағы маңызды рөл атқарады. Келесі жылы Иранмен экономикалық қатынастар тағы да жеңілдетіледі.
Сейед Мохаммад Атабак, Иранның өнеркәсіп, кен орындары және сауда министрі:
- Бүгінгі күнге дейін біз саудада табысты ынтымақтасып келеміз. Еуразиялық одақ елдерінің нарығы бізге даму үшін жақсы серпін болды. Енді бақылаушы елге айналған Иран ынтымақтастықты тереңдету үшін басқа да салаларда әріптестік орнауға мүдделі. Бұл көлік, энергетикалық қауіпсіздік және транзит. Біз Парсы Шығанағымен және басқа елдермен байланыстырушы буын бола аламыз.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша тараптар 20-дан астам құжатқа қол қойды. 2025 жылы ЕАЭО-қа Беларусь төрағалық етеді.
Авторы: Әсел Күшенғалиева

